«Достық әлемі – бәріміз біргеміз!» (Буллингтің алдын алу) » №13 бөбекжай бақшасы
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Тараз қаласы білім бөлімінің
"№13 бөбекжай-бақшасы"
мемлекеттік коммунальдық қазыналық кәсіпорны
Қабылдау бөлімі :
+7(7262)45-45-65
Есепші бөлімі:
+7(7262) 45-29-09
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » «Достық әлемі – бәріміз біргеміз!» (Буллингтің алдын алу)
22
октябрь
2026

«Достық әлемі – бәріміз біргеміз!» (Буллингтің алдын алу)

Тақырыбы: «Достық әлемі – бәріміз біргеміз!»

Мақсаты: балалардың бойында достық, мейірімділік, сыйластық және өзара көмек көрсету дағдыларын қалыптастыру, бірлескен ойындар мен тренингтік жаттығулар арқылы жағымды қарым-қатынасты дамыту, бір-бірін ренжітпеуге, қолдауға және ұйымшылдыққа тәрбиелеу арқылы буллингтің алдын алу.

Міндеттері:

- Балалардың бір-біріне деген мейірімділік және сыйластық сезімдерін дамыту;

- Өзара қарым-қатынас жасау, жылы сөз айту және бірін-бірі тыңдау дағдыларын қалыптастыру;

- Бірлескен ойындар арқылы ынтымақтастық пен ұйымшылдықты нығайту;

- Балаларды бір-біріне көмектесуге, достарын ренжітпеуге және қолдауға үйрету.

Қажетті құрал-жабдықтар: түрлі түсті жіп орамы, жеңіл шар.

Әдіс-тәсілдер: әңгімелесу, психологиялық жаттығу, қимылды ойын, топтық әрекет, мадақтау.

Ұйымдастырылған іс-әрекеттің барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

1. «Достық шеңбері» психологиялық жаттығуы

Мақсаты: балалар арасында жағымды көңіл күй қалыптастыру, достық қарым-қатынасқа ынталандыру.

Барысы: педагог-психолог балаларды шеңберге тұрғызып, бір-бірінің қолынан ұстауды ұсынады.

Педагог-психолог:

– Балалар, бүгін біз достық әлеміне саяхат жасаймыз. Достық дегеніміз – бір-бірімізді сыйлау, көмектесу, бірге ойнау және ешкімді ренжітпеу. Қазір бәріміз қол ұстасып, бір үлкен достық шеңберін құрайық.

– Қараңдаршы, біз бәріміз біргеміз! Бір-бірімізге күлімсіреп қарайық.

Балалар шеңбер бойымен тұрып, бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.

II. Негізгі бөлім

2. «Жылы тілек» жаттығуы

Мақсаты: балалардың бір-біріне жағымды сөз айту, достық сезімдерін білдіру дағдыларын дамыту.

Барысы:

Балалар шеңбер бойымен тұрып, кезекпен бір-біріне жылы тілектер айтады.

Педагог-психолог:

– Балалар, жақсы сөз адамның көңіл күйін көтереді. Қазір әрқайсысымыз жанымыздағы досымызға жақсы тілек айтайық.

Үлгі сөздер:

«Саған қуаныш тілеймін!», «Әрқашан күліп жүр!», «Сен жақсы доссың!», «Бірге ойнайық!», «Мен саған көмектесемін!»

Қорытынды сөз:

– Жарайсыңдар, балалар! Жылы сөздер арқылы біз бір-бірімізге қуаныш сыйлаймыз.

3. «Достық торы» тренингтік жаттығуы

Мақсаты: балаларға достық пен өзара байланыстың маңызын түсіндіру, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Құрал: жіп орамы.

Барысы: балалар шеңбер бойымен тұрады. Педагог-психолог жіптің бір ұшын ұстап, орамды келесі балаға береді. Әр бала жіптің өзіне келген бөлігін ұстап қалып, орамды келесі балаға береді. Осылайша балалардың арасында өрмекші торына ұқсас «Достық торы» пайда болады.

Педагог-психолог:

– Балалар, қараңдаршы, біздің қолымыздағы жіп бәрімізді бір-бірімізбен байланыстырып тұр. Бұл – біздің достығымыздың белгісі.

– Егер бір-бірімізге көмектесіп, тату болсақ, достығымыз да берік болады.

– Біз бір-бірімізді ренжітпейміз, қиын кезде көмектесеміз және әрқашан тату боламыз.

Қорытынды:

– Достық – бізді біріктіретін үлкен күш!

4. «Шарды жерге түсірме!» қимылды ойыны

Мақсаты: балалардың бірлесіп әрекет ету, өзара көмектесу және ұйымшылдық дағдыларын дамыту.

Құрал: жеңіл шар.

Барысы: балалар шеңбер бойымен тұрып, бір-бірінің қолынан ұстайды. Педагог-психолог шарды жоғары лақтырады. Балалардың міндеті – қолдарын жібермей, бірлескен қимыл арқылы шарды жерге түсірмеуге тырысу.

Педагог-психолог:

– Балалар, қазір біз бір команда боламыз. Біздің міндетіміз – шарды жерге түсірмеу. Ол үшін бәріміз бірге қимылдап, бір-бірімізге көмектесуіміз керек.

Ойын барысында балалар бірлесіп қозғалып, шарды жоғарыда ұстап қалуға тырысады.

Қорытынды сөз:

– Жарайсыңдар! Бір-бірімізге көмектессек, кез келген тапсырманы бірге орындауға болады. Нағыз достар әрқашан бір-біріне қолдау көрсетеді.

5. «Біз біргеміз!» бірлескен қимыл жаттығуы

Мақсаты: балалардың топтық бірлігін сезіндіру, өзара сенімділік пен ынтымақтастықты дамыту.

Барысы: балалар еденге шеңбер бойымен отырып, аяқтарын алға созады. Бір-бірінің қолынан ұстап, қолдарын жоғары көтереді.

Педагог-психолог:

– Балалар, бәріміз бір-біріміздің қолымыздан ұстайық. Енді қолымызды жоғары көтерейік!

– Біз қандаймыз?

Балалар: – Татумыз!

Педагог-психолог: – Біз қандаймыз?

Балалар: – Доспыз!

Педагог-психолог: – Біз қандаймыз?

Балалар: – Біргеміз!

Жаттығу балалардың бірлескен қуанышты қимылымен аяқталады.

III. Қорытынды бөлім

6. «Достық ережелері» қорытынды әңгімелесу

Мақсаты: балалардың достық туралы түсініктерін бекіту.

Педагог-психолог:

– Балалар, бүгін біз қандай ойындар ойнадық?

– Досымызға қалай көмектесеміз?

– Досымызды ренжітуге бола ма?

– Біреу көңілсіз болса, не істейміз?

Балалардың жауаптары тыңдалып, достық қарым-қатынас ережелері бекітіледі.

Біздің достық ережелеріміз:

Бір-бірімізді ренжітпейміз;

Достарымызға көмектесеміз;

Бір-бірімізді тыңдаймыз;

Ойынға бәріміз бірге қатысамыз;

Әрқашан тату боламыз.

Педагог-психологтің қорытынды сөзі:

– Жарайсыңдар, балалар! Бүгін сендер бір-біріңе жақсы тілектер айтып, бірге ойнап, ұйымшылдық таныттыңдар. Әрқашан бір-біріңді сыйлап, көмектесіп, тату болыңдар!

Күтілетін нәтиже: балалар достық, сыйластық және өзара көмек көрсету туралы түсініктерін кеңейтеді; бірлескен ойындарға қатысып, жағымды қарым-қатынас жасауға және топпен әрекет етуге жаттығады.



Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив